Желтоқсан айының 10-ы жұлдызында Петр Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің Ермек Серкебаев атындағы үлкен концерт залында ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, "Отан" орденінің кавалері, әнші, даңқты композитор Ескендір Өтегенұлы Хасанғалиевтың шығармашылығына арналған романс кеші өтті. Аталмыш кештің құрметті қонақтары Ескендір Өтегенұлының аяулы жары, шығармашылығының шабыт көзі Дарико Сопыжанқызы Хасанғалиева, сондай-ақ елімізге танымал өнер майталмандары болды.
Ескендір Хасанғалиев шығармашылығына тақырыптың әмбебаптылығы мен көп салалығы тән.
Романс кешінде композитордың елімізге белгілі ақындар Б.Тәжібаев, Т.Молдағалиев, С.Мәуленов, А.Асылбеков, К.Салықов, Қ.Бекхожин, Т.Оразбаева, сонымен қатар Мәскеулік ақын Ной Рудойдың сөзіне жазылған романстарын Абай атындағы Қазақ ұлттық опера балет театрының солистері мен колледж ұстаздары, студенттері нақышына келтіре орындап, өнер сүйер қауымның көңілін бір серпілтіп тастады. Осынау кешке қатысқан барша өнерпаздарға, іс-шараны ұйымдастырушы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рахымбаева Г.Б. алғысымызды айтамыз.
Қазақ даласын әсем әнімен тербеген ұлы композитордың музыкалық мұрасы ғасырдан-ғасырға, сан ұрпақ жырлап өтетін құнды мұра болатыны сөзсіз.