АЛҒЫ СӨЗ
Қазақ халқының ұлт болып құрылған күнінен бастап еліміздің төл музыкасы бірге дамыды. Ән-күй арқылы әдет-ғұрып, салт-сана ұрпақтан -ұрпаққа жетіп, халқымыздың рухани мәдениетіне айналды. Бесіктегі сәбиден еңкейген қарттарымызға дейін қуанышы мен қайғысын музыка арқылы жеткізді.
«Туғанда дүние есігін ашады – өлең, Өлеңмен жер қойныңа кірер денең» - деп кемеңгер ақын Абай атамыз тегін айтпаса керек.
Ерте заманнан күні бүгінге дейін музыка өнерінің қалай шыққаны туралы қазақ халқының сан түрлі аңызы бар. Бұл аңыз бойынша, әуеде қалықтаған құдіретті ән, көшпенді қазақ даласынан ұшып бара жатып төмендеген, сондықтан оны естіген халықтың бойына музыкалық қабілет дарыған десе, екінші бір аңызда «Жаратқан Тәңір әр қазақтың жанына туғаннан күйдің бөлшегін салған», – дейді.
ХХ ғасырдың басына дейін, қазақ халқының рухани байлығы атадан балаға, ұстаздан шәкіртке, өткеннен болашаққа тек ауызша түрде беріліп отырса, ХХ ғасырда қазақ музыка мәдениеті музыкалық жаңа формалар және жанрлармен байытылды. Азғантай уақыт аралығында бүкіл классикалық Европа музыка өнерін меңгеріп қана қоймай, жазбаша типтегі музыка өнерінің жаңа кәсіби сазгерлік мектептерін ашты. Қазақ даласында бұрын соңды болмаған өнер ошақтары мен білім беру мекемелері ашыла бастады. Соның айғағы қазақ өнерінің қара шаңырағы атанған Петр Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі.
«Ғұмыр жеткізбеген жерге арман жеткізеді деп, тағдыр бұйыртпағанды тарих бұйыртады деп кім ойлаған.... Қазақ даласы сүлей таланттарға, дүлей дарындарға қашанда кенде болмаған. Бірақ соның көбі өз өлкесі мен өз замандастарына ғана таныла алды. Қалған дүниені былай қойғанда, өз ұлтының ортақ мақтанышына айнала алмай кеткендер қаншама? Талантының шама-шарқы жетпегендіктен емес, тағдыр талантының шама-шарқы жетпегендіктен солай болды» деп жазады заманымыздың белгілі философ жазушысы Ә.Кекілбайұлы.
Осыған орай назарларыңызға ұсынып отырған оқулық, 90 жылдық тарихы бар оқу орнымызда жазушы Сағыр Камаловтан бастау алып, академик А.Жұбанов сынды басшыларымыздың өмір жолы мен колледжіміздің дамуы үшін атқарған еңбектеріне арналады. Сондай – ақ музыка мәдениеті жолында қажымай – талмай еңбек етіп келе жатқан ұстаздар қауымына ізгі тілек тілеп, олардың жанқиярлық, педагогикалық тәжірибесі егемен еліміздің тарихында сүбелі орын алады деп ойлаймын.
Петр Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Хасанғалиев Б.Е