2026 жылғы 13 қазанда Петр Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде Түркия Республикасының ресми делегациясымен кездесу өтті.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Серікқалиұлы Шарабасов, Түркия Республикасының білім вице-министрі, сондай-ақ Түркияның музыкалық жоғары оқу орындары мен Алматы қаласындағы Бас консулдығының өкілдері қатысты.
Сапардың негізгі мақсаты – Қазақстандағы техникалық және кәсіптік музыкалық білім беру жүйесінің ерекшеліктерімен, оқу үдерісін ұйымдастыру тәжірибесімен және білім беру бағдарламаларымен танысу.
Кездесу барысында колледж өкілдері қонақтарға оқу жоспарлары мен білім беру бағдарламаларын, оқу-әдістемелік құралдарды таныстырып, ашық сабақтар көрсетті. Бұл білім беру үдерісінің мазмұны мен болашақ мамандарды даярлау бағыттарын жан-жақты таныстыруға мүмкіндік берді.
Делегация мүшелеріне арнап «Музыкалық мұра – халық қазынасы» атты ұлттық музыка концерті ұйымдастырылды. Концерт бағдарламасында қазақ халқының музыкалық мұрасы мен ұлттық өнерінің байлығы көрініс тапты. Сонымен қатар қонақтарға ноталық жинақтар табысталды.
Кездесу Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге, музыкалық білім беру саласындағы тәжірибе алмасу мен өзара ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.