Қырғыз ұлттық музыкалық училищесімен ынтымақтастық нығая түсті
Қырғыз ұлттық музыкалық училищесімен ынтымақтастық нығая түсті

Қырғыз Республикасына жасалған жұмыс сапары аясында Петр Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің делегациясы М. Күреңкеев атындағы Қырғыз ұлттық музыкалық училищесіне ресми сапармен барды.
 
Сапар барысында училище әкімшілігімен және пәндік-циклдік комиссия төрағаларымен кеңейтілген жұмыс кездесуі өтіп, екі оқу орны арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
 
Кездесу барысында тараптар кәсіби музыкалық білім берудің заманауи тәсілдерін енгізу, оқу бағдарламаларын жетілдіру, педагогикалық тәжірибе алмасу, академиялық және шығармашылық ұтқырлықты дамыту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар бірлескен концерттер, шеберлік сабақтары мен білім беру жобаларын ұйымдастыру бағыттары қарастырылды.
 
Қол қойылған меморандум екі оқу орны арасындағы кәсіби және шығармашылық байланысты нығайтуға, оқытушылар мен студенттер үшін жаңа тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін қалыптастыруға негіз болады.
 
Бұл кездесу Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы музыкалық білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, ұзақ мерзімді әріптестіктің жаңа бағыттарын айқындады.

Share: