Ақерке Амалят - «Славян базары – 2026» халықаралық өнер фестивалінің жеңімпазы!
Ақерке Амалят - «Славян базары – 2026» халықаралық өнер фестивалінің жеңімпазы!

Алматы қаласындағы П. И. Чайковский атындағы музыкалық колледжінің түлегі Ақерке Амалятты үлкен мақтанышпен және зор қуанышпен құттықтаймыз! Ол Беларусь Республикасының Витебск қаласында өткен XXXIV Халықаралық «Славян базары» өнер фестивалі аясындағы ересектер арасындағы вокалистер байқауында I орынға ие болды.
 
Оның қуатты үні, сахналық шеберлігі мен кәсіби орындаушылық өнері халықаралық қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Ақерке 19 елдің өкілдері арасынан үздік атанып, қазақстандық вокал мектебінің жоғары деңгейін және ұстаздары қалыптастырған кәсіби шеберлікті дәлелдеді.
 
Беделді байқаудағы жеңісі үшін әншіге 15 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай сыйлық табысталды.
 
Бұл үлкен жеңіске бастар жол туған колледж қабырғасында басталды. Ақерке 2017–2021 жылдары колледжде «Эстрадалық вокал» мамандығы бойынша білім алып, өзінің шығармашылық қабілетін шыңдап, орындаушылық шеберлігін жетілдіріп, үлкен сахнаға алғашқы қадамдарын жасады.
 
Студенттік жылдарының өзінде ол өзін дарынды әрі болашағы зор орындаушы ретінде танытып, «Атамекен жұлдызы – 2019» халықаралық байқауының Гран-при иегері атанды. Сонымен қатар халықаралық және республикалық деңгейдегі көптеген шығармашылық байқауларда жоғары нәтижелер көрсетті.
 
Бүгінде біздің түлегіміз әлемдік музыка кеңістігіндегі беделді сахналардың бірі — «Славян базары» фестивалінің сахнасында Қазақстанның абыройын асқақтатып жүр. Бұл жеңіс — колледж ұжымының, ұстаздарының және талант пен еңбектің күшіне сенетін барша жанның мақтанышы.
 
Амалят, сізбен мақтанамыз! Жаңа шығармашылық белестерді бағындырып, шабыттыңыз шалқып, толағай табыстарға жете бер!
 
 

 

Share: