Колледжімізде Республика күні қарсаңында мерекелік концерт ұйымдастырды
Республика күні қарсаңында П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі мен Орал Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжі бірігіп, мерекелік концерт ұйымдастырды.
Шара барысында Орал Таңсықбаев атындағы колледж ұстаздары мен студенттері қолдан жасалған әшекей бұйымдар мен сурет өнерінен ерекше көрме ұсынды. Ал П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің өнерлі жастары сахна төрінде әсерлі бағдарлама көрсетіп, өз өнерлерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кеш көрерменге тарихи көрініспен жол тартты. Онда Керей мен Жәнібектен бастап, Тәуелсіздікке дейінгі қазақ елінің маңызды белестері көрініс тапты. Желтоқсан оқиғасына арналған поэзиялық қойылым мен ашаршылық жылдарын бейнелеген скрипкашылардың әсерлі әуені көрермен жүрегін толқытты.
Кеш соңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалып, көрермендер мен қатысушылар ел бірлігін, рухын, тәуелсіздіктің қадірін тағы бір сезінді.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Тәуелсіздігіміздің мәңгі тұғыры биіктей берсін,
өнері мен рухы қатар өрлеген Қазақстанымыз жасай берсін!