Студенттермен жұмыс(оқу топтарының кураторлары үшін жадынама)

Бұл жадынаманың мақсаты –  кураторлардың студенттермен әлеуметтік-педагогикалық жұмыстарын жүйелеу және оңтайландыру болып табылады.   Студенттер – әлеуметтік жағдайлары осал азаматтардың бірі.  Көптеген студенттерде тұрмыстық және психологиялық қиындықтарға байланысты  жоғары мазасыздық, эмоционалдық түрде тұрақсыздық көңіл-күй байқалады. Мазасыздық тұрмыстық сенімсіздіктен, колледждегі оқу жүйесін білмегендіктен, емтихан тапсыру алдындағы қорқыныштан және т.б. жағдайлардан туындауы мүмкін.      
Студенттердің бейімделуі ұзақ және өткір  өтуі мүмкін, ол келесі себептерден туындайды: 
  • Ата-ана көмегінің болмауы (жатақханада және жеке пәтерлерде тұратын студенттерде); 
  • Материалдық мүмкіндіктерінің аздығы және (немесе) оларды дұрыс пайдалана алмауы; 
  • Әлеуметтік тәжірибелерінің аздығы және т.б.  
Куратордың мақсаты – студенттік өмірдің қиын кезеңдерінен еңсеруге көмектесу және колледжге бейімделуге әсерін тигізу.
Студенттермен жемісті жұмыс жүргізу үшін куратордың өзі биязы, ақылды, толерантты (шыдамды) және эмоционалды төзімдіч болуы қажет. Ол алғашқы кезде студент тарапынан болатын сенімсіздікке дайын болу керек және сол сенімсіздікті еңсере білу керек. 
      Студенттермен жұмыс жасаудағы ең маңызды мәселе, олардың қандай жағдайда тәрбиеленгендерін ескеру қажет. Сондықтан, бірінші курс студенттерімен жұмыс жасаудың маңызды кезеңі алғашқы әңгімелесу болады, яғни әлеуметтік педагогикалық жұмыстың бағыты мен стратегиясын анықтау үшін ақпарат жинау. 
Әңгімелесу бірнеше кезеңнен тұруы мүмкін:
1. Әңгімелесу алдында студенттің жеке ісімен танысып алу қажет, яғни ата-аналары туралы, отбасының құрамы және әлеуметтік жағдайы, алдыңғы оқу орны туралы және қабылдау емтиханында алған бағалары туралы мәлімет жинау.
2. Әңгімелесу алдында – студенттің эмоцианалдық жағдайын білу, колледждегі оқудан алған алғашқы әсерін, қазіргі әлеуметтік жағдайын білу (ата – анасымен, туыстарымен байланысы туралы), кейін – қазіргі уақыттағы қиындықтары мен мәселелері туралы сұрау.
3. Студентті колледжде бекітілген ережелер туралы ақпаратпен толық таныстыру.
4. Әңгімелесу аяқталғаннан кейін студентті қажеттілігіне қарай мамандарға (дәрігерге, психологқа т.б.) жіберу. Бұл ретте оқу тобы кураторының студентпен жұмыс барысында басшылыққа алатын  басты ережелерінің бірі «Зиян келтірмеу» болып табылады. Мүмкіндігінше әрбір студент өзін студенттік ұжымның толық қанды мүшесі ретінде сезіну қажет.
 

Share: